Цифрлық бақылаудағы жолдар: сапа, артық жүк және жүргізушісіз жүк көлігі

28 қазандағы Жолдау елдегі барлық жол үшін жауапкершілікті Көлік министрлігіне жүктеді және «битумның, қиыршық тастың сапасына сілтемелер қабылданбайды» деп ескертті. Жол сапасын, жүк көліктерінің салмағын және тасжолдардағы қауіпсіздікті қалай бақылау керектігі 15 қазанда Астанада өткен New Silk Way форумының «Интеллектуалды жол инфрақұрылымы» панельдік сессиясында талқыланды.

Цифрлық бақылаудағы жолдар: сапа, артық жүк және жүргізушісіз жүк көлігі

Бүкіл желіге бір жауапты орган

Республикалық тасжолдар жол желісінің 26%-ын құрайды. Қалған жолдар әкімдіктердің қарауында, ал олардың жай-күйі үшін жауапкершілік жылдар бойы орталық пен өңірлер арасында футбол добы сияқты ауысып келді. Жолдау осы тәртіпті өзгертеді. Енді барлық жолға Көлік министрлігі жауап береді.

Міндеттің ауқымын Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин атады. 2026 жылы құрылыс, реконструкция және жөндеу шамамен 11 мың км жолды қамтыды. Осындай желіні тұтас көру үшін E-Joldar платформасы іске қосылды. Онда әр жолдың паспорты бар: жабын сипаттамалары, баланс ұстаушы, мердігер, мерзімі мен құны көрсетілген ағымдағы және жоспарлы жөндеу жұмыстары. Азаматтар мәселелер туралы тікелей хабарлай алады. 40 мың км-ден астам жол цифрландырылды. Мақсат – жергілікті жолдарды қоса алғанда, бүкіл желіні қамту. Платформаны өнеркәсіптік пайдалануға енгізу 2027 жылға жоспарланған.

Сапаны құрылыс аяқталғаннан кейін емес, құрылыс кезінде тексереді

Бұрын сапаны нысан тапсырылғаннан кейін тексеретін. Сынамалар алып, ақауларды тауып, оларды түзетуге уақыт пен қаражат жұмсайтын. Енді бақылау жұмыс барысында жүргізіледі. Карьерлер мен асфальтбетон зауыттары цифрлық есепке енгізілді, зертханалық сынақ нәтижелері электрондық базада сақталады. Сынамалар штрихкодпен белгіленеді, сондықтан зертхана кімнің үлгісін тексеріп жатқанын білмейді.

Жол жабынының диагностикасын жасанды интеллект жүйесі өңдейді. Ол 100 км жолдың деректерін төрт сағатта талдайды, бұрын төрт күн кететін. 2025 жылы осылайша 15 мың км-ден астам республикалық жол тексерілді. Нысан сараптама қорытындысынан кейін ғана пайдалануға қабылданады. Келесі қадам – цифрлық атқарушылық құжаттама: орындалған жұмыстар туралы мәлімет E-Joldar жүйесіне құрылыс барысында түсіп отырады.

Артық жүк: бір қалада 1,7 млн тонна

Артық жүк – жол жабынының мерзімінен бұрын тозуының басты себептерінің бірі. Сондықтан камералар, салмақ өлшеу кешендері мен ақылы жолдардың деректері ұлттық бейнебақылау жүйесіне біріктірілуде. Астанадағы пилот 21 млн-нан астам көлік өтуін және 233 мыңнан астам бұзушылықты тіркеді, оның 14 мыңнан астамы салмаққа қатысты. Тек елордада артық жүктің жиынтық көлемі 1,7 млн тоннаны құрайды. Республикалық жолдарда салмақ бақылау станциялары 2026 жылдың тоғыз айында шамамен 2 млн тонна артық жүкті анықтады. Жүйе бүкіл елге таратылады. Абдуллин бұл тасымалдаушыларға қысым емес, барлығына ортақ талап екенін атап өтті.

Қытайдағы тәжірибе туралы China TransInfo вице-президенті Чжан Вэньюй айтты. Жүк көлігі қозғалыс үстінде, тоқтамай, сағатына 100 км-ге дейінгі жылдамдықта өлшенеді; дәлдігі ±2,5%. Камера мемлекеттік нөмірді тіркейді, бұзушылық автоматты түрде ресімделеді, айыппұл көлік иесіне жіберіледі. Компания деректері бойынша, Қытайдың автомагистральдарында артық жүк тиеген көліктердің үлесі 0,05%-ға дейін төмендеген, ал артық жүкке байланысты апаттар 40%-дан астам азайған. Қазақстан үшін компания алдын ала болжам ұсынады: артық жүк үлесі 5%-дан төмен болады, жолдардың қызмет мерзімі 2–3 есе ұзарады, күтіп ұстаудан жылына 100–200 млн доллар үнемделеді. Бұл – тәуелсіз есеп емес, технология жеткізушісінің бағасы. «Атамекен» өкілінің датчиктердің қаншалықты жиі тексерілетіні туралы сұрағына компания кейін жауап беруге уәде етті.

Қауіпсіздік: бүкіл учаскедегі жылдамдық

Орташа жылдамдықты бақылау жүргізушіні бір нүктеде емес, бүкіл учаскеде бағалайды. Ол 15 ақылы учаскеде жұмыс істейді, тағы 14 учаскеде енгізу жоспарланған. «ҚазАвтоЖол» ақылы автомобиль жолдары дирекциясы филиалы директорының орынбасары Арман Ещанов 2026 жылдың бірінші жартысында қозғалыс қарқындылығы 37%-ға өскенін, ал жол-көлік оқиғалары саны азайғанын атап өтті. Желі 6290 км жолды, 134 бақылау аркасын және нөмірлерді танитын 420 камераны қамтиды.

Өткен қыста Астана – Теміртау және Астана – Щучинск тасжолдарында динамикалық шектеулер енгізілді. Ауа райы нашарлағанда ақпараттық тақта рұқсат етілген жылдамдықты өзгертеді. Алдыңғы қыспен салыстырғанда бірінші учаскедегі жол-көлік оқиғалары 28,6%-ға, екіншісінде 40%-ға азайды.

Тағы бір тақырып – техникалық байқау. Автомобильдерді техникалық байқаудың Еуразиялық желісінің президенті Давид Месхишвили куәлік берілгенге дейін жалған байқауларды ЖИ көмегімен анықтауды ұсынды. Ryme Worldwide бас директоры Майкл Делани техникалық байқауды жаңғыртудың 220 млн еуролық жобасын таныстырды, оның 95 миллионы – компанияның тікелей инвестициясы. Әзірге бұл ұсыныс, ол бойынша шешім қабылданған жоқ. ҚазЖҚҚҒЗИ өкілі Арыстан Масанов транзиттік дәліздерді iRAP халықаралық әдістемесі бойынша бағалауды ұсынды. Демек, жол қауіпсіздігі тасымалдаушы үшін бағыт таңдауда тағы бір дәлелге айналады.

Жүргізушісіз жүк көлігі: жолда байланыс болуы тиіс

2026 жылғы 23–25 мамырда екі жүргізушісіз КамАЗ жүк көлігі Мәскеуден Астанаға дейін шамамен 3000 км жүрді; жолдың бір бөлігінде рөлде жүргізуші болған жоқ. Бұл – осындай алғашқы халықаралық рейс. Абдуллиннің айтуынша, мұндай көліктердің шекарадан өту регламенті шамамен 10–15 минутқа есептелген.

Ол табыстың негізгі шарты ретінде байланысты атады. Тасжол бойында көлікті қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін талшықты-оптикалық желі қажет. Жаңа жол жобаларында бұл қазірдің өзінде ескеріледі. 2027 жылы ЕАЭО бойынша серіктестермен келесі пилот жоспарланған. ЕЭК-тің энергетика және инфрақұрылым жөніндегі алқа мүшесі Арзыбек Қожошев ЕАЭО-ның 2027–2029 жылдарға арналған көлік саясатының жол картасы жобасына жүргізушісіз технологияларды дамыту енгізілгенін хабарлады. Оны жыл соңына дейін қабылдау жоспарланған.

China TransInfo Қытай – Қазақстан дәлізінде жүргізушісіз жүк көліктерінің пилотын ұсынады және бағытты зерттеп жатыр. Болашақтың жолы – тек асфальт емес, байланыс пен деректер бар жол.

Ақылды жол үшін кім төлейді

Азия даму банкінің көлік жөніндегі аға маманы Риту Мишра технологияны таңдаудан емес, дәліздің мәселесінен бастауды ұсынды. Елдер бірдей жүйелер құруға міндетті емес: ортақ стандарттар мен деректер алмасу жеткілікті. 2026 жылдың тамызында АДБ өңірдің шекара өткелдерін жаңғыртуға 400 млн доллар мақұлдады. Еуразиялық даму банкі «Нұр Жолы» өткізу пунктін және Алматы айналасындағы үлкен айналма автомобиль жолын (БАКАД) қаржыландырды.

Сессия модераторы, Көлік министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы Берік Камалиев БАКАД-тың әзірге концессия бойынша салынған жалғыз жол жобасы екенін еске салды. Жеке инвестор жолды өзі салып, пайдаланып, күтіп ұстаса, оның сапасына қаржылай жауап береді. Бүкіл желіге жауапкершілік алған Көлік министрлігі осындай инвесторларды тарта ма, әлде жалғыз тапсырыс беруші болып қала ма – бұл алдағы жылдардағы сала үшін маңызды сұрақ.

New Silk Way 2026 форумының қорытындысы бойынша TALAP сериясының материалы.